26-шы Қазақстандық Халықаралық құрылыс және интерьер көрмесі
26-шы Қазақстандық Халықаралық құрылыс және интерьер көрмесі

9 ЕЛ, 99 КОМПАНИЯ, 4 562 МАМАН: ASTANABUILD 2025 МЕРЕЙТОЙЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

2025 ЖЫЛДЫҢ 28–30 МАМЫР АРАЛЫҒЫНДА «EXPO» КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫНДА — 25-ШІ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ИНТЕРЬЕР БОЙЫНША ASTANABUILD 2025 КӨРМЕСІ ӨТТІ.

25-ші мерейтойлық AstanaBuild көрмесіне 9 елден: Қазақстан, Германия, Испания, Италия, Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан 99 компания қатысты. Ресей мен Қытай компаниялары бірлескен экспозициялар құрып, өз шешімдерін ұсынды. Стендтерде құрылыс материалдары мен жабдықтар, әрлеу материалдары мен интерьер шешімдері, терезе және профильдік технологиялар секілді көптеген жаңалықтар ұсынылды.

2025 жылғы экспоненттердің 60%-ын шетелдік компаниялар құрады, бұл көрменің бизнесті ілгерілету, тәжірибе алмасу және жаңа серіктестік байланыстар орнату алаңы ретінде маңыздылығы мен тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Көрмеде алғаш рет Германия өндірушілерінің ұжымдық экспозициясы ұсынылды. Онда келушілер әрлеу мен лак-бояу өнімдерінің инновациялық түрлерімен, желдету жүйелерімен, сондай-ақ жиһаз өндірісіне арналған материалдар мен жинақтаушы бөлшектермен танысты.

Үш күндік көрме барысында (KIOSH және InterFood Astana көрмелерімен бірге) 4 562 маман көрмеге келді. Қатысушылар мен келушілер көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, экспоненттердің алуан түрлілігін және өзара әрекеттесудің ыңғайлы болуын ерекше атап өтті. АртМонолитПроект компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Татьяна Стогниева өз әсерімен бөлісті: «Маған көрме өте ұнады – көптеген стендтерді аралап, пайдалы байланыстар орнаттым. Компания өкілдері ашық, өз өнімдері туралы қуана-қуана айтып берді, жалпы алғанда, бүгін мен көп құнды ақпарат алдым. Мұндай алаң сөзсіз саланың дамуына көмектеседі. Біз өндірістік салада жобалаумен айналысамыз, және осы жерде алған білімдер жобаларды нақты өндірістік міндеттерге бейімдеу мен жабдықты таңдауды айтарлықтай жеңілдетеді».

Көрме қатысушылары көрмені өзара тиімді серіктестік келісімдер жасалатын алаң ретінде атап өтті, бұл экспозициялардың қазіргі нарықтық жағдайдағы сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.

«Бұл көрменің арқасында біз серіктестерді тек Астана қаласынан ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінен де таптық. Қазір біз сол адамдармен 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Шынымен де, көрме бизнестің әртүрлі салаларына, әсіресе құрылыс саласына жаңа инвестициялар тартуға зор мүмкіндік береді», – деп өз пікірімен Силикат ЖШС-нің сату бөлімінің басшысы Роман Ахметзянов бөлісті.

Көрменің көрме бөлімінен бөлек, қатысушылар мен келушілер үшін мазмұнды іскерлік бағдарлама өтті. Көрменің бірінші күні — 28 мамырда, «Мемсараптама» РМК-ның «Құрылыстағы цифрлық платформалар» тақырыбындағы сессиясы өтті. Сессияға цифрлық технологиялар, BIM-модельдеу және мемлекеттік сараптама саласындағы жетекші мамандар қатысты. Спикерлер қатарында «Мемқалақұрылыскадастр» РМК, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ және «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өкілдері болды. Сессия барысында құрылыс үдерістерінің ашықтығын, тиімділігін және басқарылуын арттыруға бағытталған негізгі цифрлық шешімдер мен жобалар таныстырылды. Сондай-ақ Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы ұйымдастырған, 2025 жылғы заңнамадағы өзгерістерге арналған сессия өтті. Кездесудің басты оқиғасы – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Мұратұлының баяндамасы болды. Ол өз сөзінде жаңа Құрылыс кодексі жобасы аясында енгізілетін негізгі өзгерістерге тоқталып, саланы реформалау үдерісінде мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті және кәсіби қауымдастықпен одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін білдірді.

29 мамырда TANU сәулетшілер мен дизайнерлер қауымдастығы бірқатар семинарлар мен мастер-класстар өткізді. Бағдарлама тәжірибе алмасуға арналды: қатысушылар дизайн саласында мансапты қалай құруға болатынын, жеке брендті дамыту, халықаралық медиаға шығу, цифрлық технологияларды қолдану және инфлюенсерлермен тиімді байланыс орнату жолдарын білді. 30 мамырда іскерлік бағдарламаны Наталья Елистратованың «Құрылыста таза табысты арттыру үшін нені және қалай есептеу керек» атты мастер-классы аяқтады. Мастер-класс нақты кейсті егжей-тегжейлі талдау арқылы өтті.

AstanaBuild көрмесі Қазақстан мен басқа елдерден келген қатысушылар үшін өзара әрекеттесудің орталығына айналып, қатысушылар мен келушілерге бір алаңда тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және соңғы үрдістермен танысуға құнды мүмкіндік ұсынды.

Іс-шараға ресми қолдау көрсеткендер: Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Құрылыс және ТКШ істері комитеті, «Мемсараптама» РМК, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ.

Іс-шараны ұйымдастырушы – Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі – ICA Events компаниялар тобы.