25-ШІ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ASTANABUILD 2025 КӨРМЕСІНДЕ – ИННОВАЦИЯЛАР, БИЗНЕС-МҮМКІНДІКТЕР ЖӘНЕ МАЗМҰНДЫ ІСКЕРЛІК БАҒДАРЛАМА
25-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ИНТЕРЬЕР ASTANABUILD 2025 КӨРМЕСІ ҚАТЫСУШЫЛАР МЕН КЕЛУШІЛЕР ҮШІН 2025 ЖЫЛДЫҢ 28-30 МАМЫР АРАЛЫҒЫНДА АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ «EXPO» ХКО-ДА ЕСІГІН ҚАЙТА АШАДЫ.
25 жыл ішінде AstanaBuild құрылыс саласының мамандарын біріктіретін тиімді бизнес-платформа ретінде өзін танытты. Биылғы жылы іс-шара құрылыс нарығының дамуына жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып, өз аясын кеңейтеді. Көрмеге 8 елдің компаниялары қатысады: Қазақстан, Беларусь, Германия, Испания, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Оңтүстік Корея. Қатысуын растаған компаниялардың ішінде – АЛЮТЕХ-АЗИЯ, Pufas, Бастау Алматы (SMART PRO), ВодЭкоФильтр, ПОЛИМЕРМЕТАЛЛ-Т, ХЕФЕЛЕ КАЗАХСТАН, Хром-KZ, ЮНГ Орталық Азия, ЮгРегионПласт, Climate Plus, KSC-PLAST, МЕСА LTD, Norvind, Real Brick Asia, SAFETYHUB және басқа да компаниялар бар.
Көрмеде алғаш рет Германия өндірушілерінің ұжымдық экспозициясы ұсынылады, онда келушілер инновациялық әрлеу және лак-бояу материалдарымен, желдету жүйелерімен, сондай-ақ жиһаз өндірісіне арналған материалдар мен құрамдас бөлшектермен таныса алады.
Көрме экспозициясынан бөлек, қатысушылар мен келушілерді өзекті тақырыптар мен практикалық сессияларды қамтитын үш күндік мазмұнды іскерлік бағдарлама күтеді. Іскерлік бағдарламаның негізгі шараларының бірі – «Мемсараптама» РМК ұйымдастыратын BIM технологиялары бойынша сессия болмақ. Ол 28 мамыр күні өтеді және жетекші құрылысшыларды, жобалау компанияларын және сәулет бюроларын жинап, құрылыс саласының цифрлануын, ғимараттардың ақпараттық модельдеуінің заманауи әдістерін және Қазақстанда BIM енгізу перспективаларын талқылайды.
Сондай-ақ, 28 мамыр күні Professional TANU Association Сәулетшілер мен дизайнерлер қауымдастығының семинарлары мен мастер-класстары басталып, 29 мамырда жалғасады. Сарапшылар интерьер дизайны мен жобалау тәжірибелерімен бөлісіп, тұрғын және коммерциялық кеңістіктердің архитектуралық безендірудегі жаңа трендтерді таныстырады, сондай-ақ тұрақты құрылыс мәселелерін талқылайды.
Іскерлік бағдарламаны 30 мамыр күні бизнес-кеңесші Наталья Елистратова жүргізетін «Құрылыс саласында таза пайданы арттыру үшін нені және қалай есептеу керек» тақырыбындағы мастер-классы аяқтайды. Қатысушылар құрылыс компанияларындағы «ақша» мен «пайда» арасындағы айырмашылықты, қаржылық есептің сапалы жүргізілуінің негізгі белгілерін, өз бизнесін қалай аудиттен өткізіп, ең тиімді бағыттарды анықтауға болатынын біледі. Сонымен қатар, қаржы ағындарын басқару және кассалық алшақтықтың алдын алу бойынша практикалық ұсынымдар беріледі.
AstanaBuild 2025 жетекші компанияларды, девелоперлерді және инвесторларды өз шешімдерін ұсынуға және тиімді серіктестік орнатуға мүмкіндік алуға шақырады.
Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Құрылыс және ТКШ істері комитеті, «Мемсараптама» РМК, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, KAZGOR Жобалау академиясы ресми қолдау көрсетті.
Көрменің ұйымдастырушысы – Қазақстандық ITECA көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі – ICA Events компаниялар тобы.